Template created by Joomla 1.6 templates and the best poker webpages: party poker bonus code and best poker sites.

Формулярлық жүйе

Басып шығару

Формулярлық жүйенің мақсатытиімді, қауіпсіз, экономикалық тұрғыдан тиімді дәрілік заттармен қамтамасыз ету;  клиникалық және экономикалық тұрғыдан тиімді де қауіпсіз болып табылатын дәрілік заттар немесе емдеу протоколдарын (стандарттарын), мемлекеттік формулярды (анықтамалық),  жергілікті формулярларды құрастырып енгізу; медициналық тәжірибеде дәрілік заттардың жанама әсерлерін алдын алу мақсатында дәрілік заттарды қолдануды бағалау мониторингтау; мамандармен дәрілік заттарды дұрыс қолдану туралы шаралар жүргізу.  

Формулярлық жүйенің негізгі міндеттері: науқастарды сапалы еммен қамтамасыз ету; кең таралған аурулардың ұтымды фармациялық терапиясы бойынша мәселенің нәтижелі шешімін табуға бағытталған әдістерді анықтау; клиникалық және экономикалық тұрғыдан тиімді әрі қауіпсіз дәрілік заттарды анықтау; препараттарды орынды қолдану, сондай-ақ қолдану барысында кеткен қателіктерді түзету; денсаулық сақтау үрдісіне қатысты барлық мамандар арасында шынайы, ғылымға негізделген медициналық-фармацевтикалық ақпаратты кеңінен тарату; жүйелі кәсіби білім беру.

Медициналық мекемедегі формулярлық жүйенің негізгі құрама бөліктеріне: Формулярлық комиссия, Дәрілік формуляр (шектелген тізім), Формулярлық анықтамалық, Фармациялық терапия стандарттары және клиникалық хаттамалар, дәрілік заттардың жанама әсерлерін бағалау, мониторинг жүргізу жүйесі жатады.

Формулярлық комиссия үш деңгейден тұрады:

  1. Мемлекеттік деңгейдегі Республикалық формулярлық комиссия.
  2. Аумақтық деңгейдегі Облыстық формулярлық комиссия.
  3. Жергілікті деңгейдегі медициналық мекемелердің формулярлық комиссиясы.

Формулярлық жүйенің басты қағидаты - «төменнен жоғарыға» жүйесі, яғни, Республикалық дәрілік формуляр аумақтық формулярдың негізінде, ал аумақтық формуляр  жергілікті деңгейдегі медициналық мекемелердің формуляры негізінде құрастырылады.

Дәрілік формуляр – уәкілетті денсаулық сақтау органымен келісіліп, денсаулық сақтау мекемесінің басшысымен бекітілген, мекеменің салалық бағытын ескере отырып, кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі аумағында медициналық мекемелер қажетті мөлшерде қамтамасыз етілетін дәрілік заттардың тізімі («Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» Қазақстан Республикасының Кодексі №193-IV  18.09.2009ж. Президент жарлығы).  

Формулярлық комиссия сияқты дәрілік формуляр да үш деңгейден тұрады:

  1. Республикалық Дәрілік Формуляр – ұсыныс сипатындағы барлық аумақтық  (облыстық) дәрілік формулярдың жиынтығы.
  2. Аумақтық (облыстық) Дәрілік Формуляр – аймақтағы медициналық мекемелердің дәрілік формулярларының жиынтығы.
  3. Медициналық мекеменің Дәрілік Формуляры – медициналық мекеменің бюджетін жоспарлауға негіз болатын, жылына кем дегенде бір рет құрастырылып, қайта қарастырылатын, шектеулі сипаттағы, 70% Республикалық Дәрілік Формулярға сәйкес, ал қалған 30% медициналық мекеменің клиникалық қажеттілігіне сай құрастырылатын дәрілік заттардың тізімі.

Формулярлы жүйе дәрігердің клиникалық және экономикалық тұрғыдан тиімді де қауіпсіз болып табылатын дәрілік заттарды қолдануын қамтамасыз етеді. Формуляр дәрігердің жеке өз тәжірибесін немесе белгілі бір ғалымның ұстанған тәжірибесін қолдануды шектейтіні күмәнсіз. Бір қарағанда көріненетін «шығармашылық жолдан» алыстау медициналық тәжірибеде дәрігердің ой жүйесін белгілі бір тәртіпке келтіріп, барлық мамандардың әр науқасқа тексеру жүргізген кезде диагностикалық және терапиялық мәселелерді біліп, оларды объективті бақылауға мүмкіндік береді. Формулярлы жүйе медициналық көмек көрсету кезінде клиницистің ойлау жүйесі мен әрекеттерін шектемейді керісінше, тәжірибеге жаңа және тиімді емдеу әдістерінің енуіне жағдай жасайды. Клиникалық жағдайда, ағзаның физиологиялық ерекшеліктері мен қосалқы ауруларын ескере отырып, емдеу стандарттарын дұрыс қолдану дәрігердің клиникалық ойлау жүйесін дамытуды қажет ететін міндеттердің бірі болып табылады.