Мамандар қазақстандықтарды дәрі-дәрмектер туралы шынайы мағлұмат беретін ақпараттық ресурстарға кеңірек жүгінуге шақыруда

Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы (ДСДРО) дәрі-дәрмектерді орынды қолдану мәселесіне арналған кең ауқымды ақпараттық кампанияны қолға алды. Шара Астанада журналистер мен блогерлерге арналған тренингтен басталды. Оқыту барысында Дәрілік орталық мамандары дәрі-дәрмектерді бей-берекет, тіпті сауатсыз қолдану салдарынан туындап отырған қауіптер туралы айтып берді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне жүгінсек, науқастардың 19-33 пайызы дәрі-дәрмектердің кері әсерінен зардап шегеді. Олардың 8 пайызы жағдайында нашарлап, ауруханаға түссе, 2-3 пайызында арты өлімге әкеп соқтырады.    Өкінішке қарай, қазіргі заманда  уақыт пен қаражатты үнемдеу үшін  дәрі-дәрмектерді өз пайымынша қабылдау күнделікті құбылысқа айналып кетті. Дәрі-дәрмектің кері әсеріне мән бермей,  антибиотиктер, қызу түсіретін, ауруды басатын дәрілерді өз бетінше қолдану жиі кездеседі.  

Бұған қоса, ірі фармацевтикалық фирмалар медицинаны пайда көзіне айналдырғаны да жағдайды ушықтыра түсуде. Олардың дәрі-дәрмектердің керемет қасиеттері туралы жарнамаларының өтірік-растығын анықтау қарапайым адам үшін оңай емес.  Дәрігерлермен ақылдаспай, жақындарының, таныстарының кеңесімен дәрі таңдайтындар да баршылық. «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әлемде дәрілердің жартысы дұрыс тағайындалмайды немесе сатылады, ал науқастардың жартысы тағайындалған дәрілерді дұрыс қабылдамайды»,-дейді Дәрілік орталық жетекшісі Лариса Макалкина. 

Дегенмен, Қазақстанда мемлекеттің ұйытқысымен дәрі-дәрмектердің әсері, тегін жіберілетін кепілдендірілген  түрлері туралы шынайы ақпарат беретін ресурстар жеткілікті.  Елдің кез-келген аумағынан  8 800 080 88 87 телефонына тегін хабарласуға немесе  www.druginfo.kz сайтына хат жазуға болады. Бұған қосымша, жақында ғана ресми түрде іске қосылған Қазақстандық ұлттық дәрілік формуляр  www.knf.kz  сайты да дәрігерлермен қатар, қалың жұртшылыққа да қолжетімді.  Мамандар дәрі туралы шынайы ақпарат алу үшін осы дереккөздерді қолдану керек дейді.

Дәрі-дәрмектерді орынды пайдалану мәселесіне арналған ақпараттық кампания барысында ДСДРО  өкілдері  еліміздің барлық аймақтарын аралап, медициналық қызметкерлердің арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізбек.