2016 жылдың 14 мен 20 қараша аралығында Дүниежүзілік антибиотиктерді дұрыс пайдалану апталығы өткізіледі

Басып шығару

Антибиотиктерге бактериялардың төзімділігі - дүниежүзіндегі денсаулық сақтау саласына ортақ үлкен бір қауіп-қатер. ДДҰ-ның бастамасымен екі жыл қатарынан бүкіл әлем бойынша Дүниежүзілік антибиотиктерді дұрыс пайдалану апталығы өткізілуде.

Дүниежүзілік антибиотиктерді дұрыс пайдалану апталығы аясында Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының Дәрі-дәрмек орталығы Қазақстан бойынша медицина қауымы мен халық арасында аталған науқанды 2016 жылдың 14 мен 20 қарашасы аралығында өткізеді.  Науқанның басты мақсаты – халықты ақпараттандыру және антибиотиктерге төзімділік қатері туралы түсініктерін арттыру.

Балаларды жастайынан антибиотиктерді дұрыс пайдалану дағдысына  тәрбиелеу өте маңызды. Сондықтан науқан аясында  Дәрі-дәрмек орталығы Астана қаласының мектептерінде «Тұмауды антибиотиксіз емдеу» атты интерактивті сабақтар өткізеді. Өткізілетін интерактивті сабақтар балаларды ойын түрінде антибиотиктерді дұрыс пайдалануға дағдыландырады.

Астана қаласының №8 мектебінде (4 «А» сыныбымен) 2016 жылдың 14 қарашасында « Тұмауды антибиотиксіз емдеу» атты интерактивті сабақ өткізілді.

Сондай-ақ Дүниежүзілік антибиотиктерді дұрыс пайдалану апталығы аясында Астана қаласындағы емханалардың мониторларына «Антибиотиктер – сақтықпен пайдаланыңыз!» бейнеролигі орналастырылуда, және пациенттердің антибиотиктерді дұрыс пайдалану дағдыларынан хабардар болу деңгейін арттыру үшін  «Антибиотиктерге тұрақтылық туралы не білесіздер?» тақырыбында емделушілер арасында сауалнама жүргізілуде.

Дүниежүзілік антибиотиктерді дұрыс пайдалану апталығы жұртшылық, медициналық қызметкерлер мен саясаткерлер арасында антибиотиктерге төзімділік мәселесі туралы білімді арттыруға және орын алған  құбылыстың таралуын тоқтату үшін антибиотиктерді дұрыс пайдалануды насихаттауға бағытталған.